Қазақстанда шенеуніктер мен олардың жақындарының кірісі мен мүлкі туралы декларация әлі күнге дейін ашық емес, ал бұл ақпарат әлдеқашан ашық болуы керек еді.
Біріккен Араб Әмірліктерінің ең ірі қаласының бірі Дубай қымбат жылжымайтын мүлікке инвестиция салатын орталыққа айналды. Бұл жерден тұрақты тұратын немесе арасында келіп тұратын, не жалға беретін виллалар, пәтерлер мен тұрғын үй кешендерін сатып алады.
Дүние жүзіндегі жүзден астам медиа қатысқан жаңа ауқымды зерттеу жұмысы 2022 жылғы жағдай бойынша үкіметпен, мемлекеттік корпорациялармен және қылмыстық топпен байланысы бар мыңдаған адам Дубайдан жылжымайтын мүлік алуға ақша салғанын көрсетті.
Элитаға арналған пәтерлер мен вилла иелерінің арасында мыңдаған қазақстандықтың есімі бар. Дубайды елдің тағы бір астанасы деуге болады.
Шетелден мүлік алу заңға қайшы болмаса да, шенеуніктер мен олардың туыстарының Дубайдан пәтер мен вилла алғаны туралы ақпарат ашық болуы керек.
«Власть» ауқымды зерттеу жұмысына қатысушылардың бірі ретінде «Дубай: Қазақстанның тағы бір астанасы» жобасында осындай меншік иелері туралы ақпаратты жариялап отыр.
Мұны шенеуніктер мен олардың туыстарының декларациясының ашық болуына жасалған алғашқы қадам деп есептейік.
Дубай қалай Қазақстанның тағы бір астанасына айналды?
Жылжымайтын мүлік иелері туралы ақпарат қайдан алынды?
«Дубай. Қазақстанның тағы бір астанасы» жобасы – Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) мен норвегиялық Е24 үйлестірген жаһандық зерттеудің бір бөлігі. Олар Дубайдағы миллионға жуық жылжымайтын мүлік иегері туралы ақпаратты жандандырған C4ADS ұйымының мәліметтерін пайдаланды.
Анықталған жылжымайтын мүлік иелері арасында ірі шенеуніктер, мафия мүшелері, есірткі дилерлері мен көпшілігі іздеуде жүрген басқа да қылмыскерлер бар.
Ұзақ уақыт бойы Дубайда жылжымайтын мүлік сатып алудың оңай болғаны соншалық, небір күмәнді адамдар да мұндай мүмкіндікті пайдалана алды. Олар осылайша қылмыстық жолмен тапқан ақшаларын жаратты немесе қудалаудан қашып жүрді.
Жылжымайтын мүлік иелері арасында қазақстандықтардың саны қанша?
Зерттеушілердің қолына 2020 және 2022 жылдардағы жылжымайтын мүлік иелері туралы мәліметтер түсті. Бұл жобаға соңғы, мейлінше жаңа мәліметтер енді. Алдын ала бағалауымызға сүйенсек, бір ғана Дубайдың өзінде мыңнан астам қазақстандықтың жылжымайтын мүлкі бар.
Дегенмен, жобаны жасаушылардың қолында Дубайдағы, сонымен бірге қазақстандықтар арасында танымал Әмірліктің басқа да қалаларындағы, мәселен, Әбу-Дабидегі жылжымайтын мүлік иелерінің барлығы туралы ақпарат жоқ.
Шет елден жылжымайтын мүлік алу заңсыз ба?
Мұнда тұрған заңсыз ештеңе жоқ. Бизнесінің үлкен-кішілігіне қарамастан, бизнесмендер үшін активтерін ел ішінде ғана емес, сыртта да салу қалыпты жағдай.
Алайда, әңгіме жоғары лауазымды және орташа қызмет атқаратын шенеуніктер мен олардың жақын туыстары туралы болып отырғандықтан, олардың ел ішіндегі ғана емес, сырттағы активтері туралы ақпарат та жария болуға тиіс.
Жобаны жасаушылар адамдарды қандай қағидаға сай таңдады?
Жобаға қазіргі және бұрынғы шенеуніктер, мемлекеттің қатысы бар компания (бірінші кезекте мұнай-газ секторындағы компаниялар) қызметкерлері және олардың жақын туыстары енді. Халықаралық жіктеме бойынша олардың барлығы PEP (politically exposed person) – саяси маңызы бар адам болып саналады.
PEP-тің бірнеше жіктемесі бар, ал Қазақстанда оларды қатысы бар адамдар деп атайды. Халықаралық анықтамаға және Қазақстан заңнамасына сүйене отырып, Власть тізімге PEP жұбайларын, ата-анасын, балаларын, бауырлары мен әпке-қарындастарын енгізді.
Тізімге ену ол тұлғалардың қандай да бір заңға қайшы әрекетке барғанын білдірмейді, олардың бұл қатарда болуы бар болғаны активтерге иелік етудің жариялығы шеңберіндегі шара, осы мәселеге және активтерді алуға ақшаны қайдан алғаны туралы сұраққа мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жақындарының түсіндірмесі болуға тиіс.
Жобаға кімдер кірген жоқ?
Тізімге мемлекеттік қызметтен әлдеқашан кеткен және өмір жолында жемқорлық үшін қудаланбаған (егер керісінше болса, мемлекеттік қызметтен ертеректе кеткеніне қарамастан тізімде болар еді) адамдар кірген жоқ.
Қазақстандықтардың шетелдегі активтері туралы жаңа деректер бола ма?
Жаһандық деңгейде деректердің тарап кетуі жиілеп барады, сонымен бірге түрлі юрисдикцияға компания немесе жылжымайтын мүлік иелері туралы ақпаратты ашық жариялау талабы да күшейіп келеді. Сол себептен шетелде активі бар қазақстандықтар туралы жаңа мәліметтер де міндетті түрде жаңарады.